Ағашты елдің ырысы мол
Ағашты елдің ырысы мол

Алла Тағаланың бізге берген шексіз нығметтерінің бірі - ағаш. Ағаш жемісімен, жапырақтарымен, көлеңкесімен және отынымен бізге пайдалы. Ойлап қарасақ, білім алатын бүкіл кітаптар, қағаздар, үйіміздің есігі, терезесі, үстелдер және тақталар, мектеп парталары т.б. көптеген заттар ағаштан жасалады.

Жаңадан өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табыт та сол ағаштан жасалады. Ағаштардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл. Сол тамаша табиғаттың аясында, ағаштардың көлеңкесінде демаласыз. Ағаштар ауаны тазартып, суықта үйді жылытады.

Осы ағаштарды қалай пайдалансақ, келешек ұрпағымыз үшін солай қорғауға тиіспіз. Өртеніп кеткен орманды, аяусыз кесіліп, көліктермен жан-жаққа жөнелтіліп жатқан ағаштарды көрген кезде жүрегіңіз ауырады. Адам баласы берілген жақсылықтардың қадірін біліп, шүкір етуі және дұрыс қорғауы тиіс.

Жәбирден (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мұсылман адамның отырғызған жеміс ағашынан адамдар, жан-жануарлар немесе құстар жейтін болса, әлгі мұсылманға (отырғызған ағашы қурап қалғанша) қиямет-қайымға дейін садақа есебінде сауап жазылатын болады», – деп айтты» – делінген.[1]

Ертеде бір патша нөкерлерімен аңға бара жатып, бір ақсақалдың ағаш егіп жатқанын көреді. Патша ақсақалға жақындап келіп сұрайды:

- Неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Оған сіздің ғұмырыңыз жетпейді  ғой,- дегенде  ақсақал:

- Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ, мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеген едім. Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, - деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді.

Сонда ақсақал:  - Көрдіңіз бе? Менің еккен ағашым казірден жемісін бере бастады, - депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.

- Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, - деген екен ақсақал.

Ендеше айналамыздың көркі болған осынау жасыл байлығымызды қорғап, әр көктемде ағаш отырғызуға атсалысайық ағайын!


[1] Муслим, мусақат 10

Әділхан ЖақсыбекӘділхан Жақсыбек
3 жыл бұрын 5123
6 пікір
  • 17 жыл бұрын жаңа мешіт қызметіне бастағанда жазып едім...
    3 жыл бұрын
  • BQ
    Ассалаумалейкум!

    Ағаш туралы жақсы тақырып жазған екенсіз. Алла разы болсын. Елімізде ағаш санын көбейту мәселесі көптен бері мазалап жүрген еді. Кеше осы ағаш отырғызуға байланысты еліміздің аумақтарында Елбасының бастамасымен құрылған «Жасыл Ел» ұйымының осы бағытта жұмыс атқаратын біліп біршама көңілім бір серпіліп қалды. Дей тұрғанмен, осы ағаш отырғызу, өсіру, күту т.б. жұмыстар өзім үшін бір тиісті деңгейде емес сияқты болып көрініп тұрады.

    Осыған байланысты Islam.kz порталының ұжымы мен ҚМДБ тарапынан жалпы халыққа бір үндеу тастап, жыл сайын әрбір саналы азамат ең кемінде бір-бір ағаштан отырғызса, ИншаАллаһ, еліміз бірнеше жылда жасыл желекке айналары сөзсіз. Ал одан болатын пайдасы айтпасада түсінікті.

    Осы тұрғыда, өзбек, жапон, скандинавия халықтарын үлгі етуге болады. Бос жер болса, сол жерде көгертіп, гүл немесе ағаш отырғызып, кез-келген жердің сәнін кіргізіп қояды.

    Әрине, осы тұста Пайғамбарымыз с.а.у. келесі мазмұнға саятын бір сөзі бекер айтылмаса керек. Ол кісі с.а.у. «Қиямет болып жатқанын көре тұра, мүмкіндігің болса ағаш ек» деген өсиет қалдырған екен. Яғни, Пайғамбарымыз с.а.у. Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде көрсеткеніндей «Пайғамбарлар сөзді құр бекер айтпайды, оларға біз уахи етеміз, олар жеткізуші» деген мағынадағы аяттарды ескеретін болсақ, сол жерге егілген бір ағаш Қияметте бір ісімізге пайда бермесе, зиян болмайтынын байқаймыз.

    Осы орайда, әр-нәрсенің басын бір шатып, анау сүннет, мынау бидғат т.б. жүрген кейбір «эксперт» азаматтарға айтарымыз, айдаладағы өзің істей алмайтын, көтере алмайтын жүкті көтерем деп әуре-сарсаңға салынғанша, қарапайым, қолдан келетін, өзіңе, отбасыңа, қоғамға, қоршаған ортаға пайда беретін қарапайым тірлік істеген әлде қайда сүннетке сай шығар деген ойдамын. Дұрыс білуші бір Алла.

    Соған байланысты, биыл көктемнен бастап ең кемінде бір ағаш отырғызудан бастасақ, осындай бастаманы бауырларға, көрші-қолаңға, ауыл-аймаққа жеткізсек, қолға алсақ деген ұсынысқа қалай қарайсыздар?

    3 жыл бұрын
  • Уа алейкум салам. Өте дұрыс. Толық қолдаймын.
    3 жыл бұрын
  • Машалла!
    3 жыл бұрын
  • Baryr Kalmuratov, оте дурыс. Исламнын адемилигин корсету керек
    3 жыл бұрын
  • Жақсы жазыпсыз.
    Ағаш отырғызбасақ та, қорғауға міндеттіміз.
    3 жыл бұрын
Блог туралы
0
19697 101 190 1147 127