Алғыс айту күні
Алғыс айту күні

Бүгін алғыс айту күні. Жұрт кеше түннен бастап әлеуметтік желілерде, басқа да хабарласу құралдарында бір-біріне, әке-шешесіне, туыстарына, достарына т.б. рахмет жаудыра бастады. Бәрі дұрыс делік. Жалпы саналы азамат күнде Жаратушысына шүкіршілік айтып, ата-анасына, отбасына, жан-жағына шексіз алғысын білдіріп жүреді емес пе?! Бірақ неге арнайы бір күн алғыс айту күні деп бекітілді? Елбасы неге алғыс айту күнін жариялауды ұсынған еді? Бастаманың төркінінде қандай мақсат бар еді?

2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел — бір тағдыр» тақырыбымен ұйымдастырылған жиынында Қазақ елінің Президенті Н.Ә.Назарбаев: "Қазақстан ежелден осылай көпұлтты болды деп санайтындар тарихты білмейтіндер" дей келе, Қазақстанды мекен ететін барлық этнос өкілдеріне жаңа мерекені - "Қазақтарға рахмет айту күнін" ұсынды. Сонымен қатар, Назарбаев еліміздің халқы өткен ғасырда орын алған оқиғаларды есте сақтауы керектігін айтып өзі сол кезді былай деп еске алды:

«Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы да үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды — киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым».

Жалпы, алғыс айту күні алғаш АҚШ пен Канададан бастау алған. Қайсыбір ел болмасын, даму жолында, тәуелсіздік алу жолында қиыншылық көрген. Бұл алғыс айту күні деген сол бір қиыншылықтан құтылғанына бір жағынан шүкір ету, бір жағынан содан шығар жолда атсалысқандарға алғыс айту болып табылады. 

Ал, 2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялады

Демек бұл күн – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі болуы тиіс. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сол күндерді ұмытпайтын болсақ бүгінгі күнге шүкіршілігіміз арта бермек. Өткенін ұмытқанның болашағы бұлыңғыр. Ел ретінде алғыс айту күні – қиын кезеңдерді иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн деп білген жөн.

Әділхан ЖақсыбекӘділхан Жақсыбек
3 жыл бұрын 9129
2 пікір
  • Дұрыс, бәрі өткенді ұмытпау үшін
    3 жыл бұрын
  • ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударды. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын. Екінші жағынан, сталиндік қылмыстық ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион қазақ аштықтан қырылды. Әлемде ешбір ел қазақ халқы сияқты демографиялық күйзелісті бастан кешкен жоқ, ешбір елге бұлай жойылып кету қаупі төнген жоқ. Қазіргі күндерді көргенімізге шүкір
    3 жыл бұрын
Блог туралы
0
19697 101 190 1147 127