Дін ғалымы қандай болу керек?
Дін ғалымы қандай болу керек?

Өткен жылы Қазақ елінің қазиы болған Садуақас Ғылманидың (Сәкен қалпе) «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты кітабы қолыма түскен болатын. Кітапта көптеген діни тұлғалардың, негізінен Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарынан шыққан ғұламалардың өмірбаяны жинақталған. Сол кездегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, бала оқыту жүйесіне, қазақ даласында оқытылған оқулықтарға, діни кітаптарға байланысты қызық мәліметтер бар. Жалпы кітап жайындағы әңгіме бөлек тақырып...

Бүгін өзектілігіне байланысты сол кітаптағы Көкшетау қаласында өткен Момақан қажының «ғалым кім?» деген толғауын бөліскім келіп отыр. Ол кісі ғалым болғандықтан аят пен хадистегі кейбір сөздерді аудармасыз тікелей қолданған. Дегенмен дін саласында жүрген кісілерге түсінікті деп ойлаймын. Ғалымның әуелі айтқанымен өзі амал етуі тиіс екендігін, жеке басы зиян тартса да ақиқатты именбей айту керек екендігін қатты ескерткен.  Дүниеге беріліп кеткен дін адамын: “Барғанда Құдай құзырына не айтасың, ісің сияқты қияметке еш бармайтын”, - деп налиды. Олай болса сіз де оқып көріңіз:

Ғалым сол Құран хадистен бұрылмаса,

Түсініп мағынасын форымдаса.

Түрлі-түсті уәжіптерін біліп оның,

Тариқы хақиқаттан айырылмаса.

Өзінің зиянына қарсы жүріп,

Пайдалы іске күнә болса бұрылмаса.

Әмрі мағруф, нахи мункар[1] өмірі істеп,

Туралық шындық беттен қайырылмаса.

Жасынан-ақ ол өзі тауфиқты боп,

Күнәдан бойын тартып қырындаса.

“Әл-лазина йамалуна би-ма йаламуна”[2] деген,

Ғалым сол осы жолдан бұрылмаса.

Тағы да бидғатқа берілмесе,

Бидғат жүрген жерде жүрмен десе.

Жан-тәнімен бұл жолға қарсы болып,

Қисықты тыюдан ол именбесе.

Мен айтамын осыны шын ғалым деп,

Сабит-алқадам[3] екен ол десе.

Осындай ғұламаларға айтарым:

Не болды батылды хақтан айырмайтын,

Батылды барған беттен қайырмайтын.

Барғанда Құдай құзырына не айтасың,

Ісің сияқты қияметке еш бармайтын.

Ғұлама әһлі ислам саған не болды?

Әмрі мағруф,нахи мункар еш қылмайтын.

Пайғамбардың жолынан ешбір аумай,

Күнәлі бидғаттардан еш тыймайтын.

Сатылып дүниеге бұрыласың,

Білмейсің бе дүние кейін қалмайтынын.

Дүниеге келген адам бәрі көшті,

Бұл өлім бір жалмауыз жалмайтұғын.

Көшеміз бәріміз де бұл дүниядан,

Бұл анық ешбір шүбә қылмайтұғын.

Ең керегі ізгі амал, туралық жол,

Қабірде жолдас болып кейін қалмайтұғын.

Олай болса әһлі ғылым жолыңа көш,

Ойла жолды ұятты болмайтұғын.

Тиіспеймін сыпайы айтам сөзім тыңда,

Күн болар мұны хақ деп ойлайтұғын.


[1] Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару;

[2] Айтқандарын өздері жасайтын, білімдерімен амал ететін кісілер

[3] Тура жолдан еш айнымайтын, тұрақты 

Әділхан ЖақсыбекӘділхан Жақсыбек
3 жыл бұрын 2604
0 пікір
Блог туралы
0
19697 101 190 1147 127