Насихатшыға керек төрт қасиет
Насихатшыға керек төрт қасиет
Олар, түйеге қарамай ма, қайтіп жаратылған?
Олар, аспанға қарамай ма, қайтіп көтерілген?
Олар, тауларға қарамай ма? Қайтіп тігілген?
Олар, жерге қарамай ма, қайтіп төселген?
(Мұхаммед (а.с.) ал, енді насихат ет; негізінен сен бір насихатшысың.

"Ғашия" сүресі (17-21 - аяттар)
Халифа Алтай аудармасы

 

Болмайды насихатшы неге жұмсақ,

Майда тіл әсер қылмақ түбін қусақ.

Ақырып айтқан сөзден көңіл қалар

Сағынар тәтті сөзге әркім сусап.

Әріп Тәңірбергенұлы (1856-1924 ж.)

 

Алла Тағала:  “олар түйенің қалай жаратылғанын[1], аспанның тіреусіз екенін, таудың қалай орныққанын, жердің қалай төселгенін қарап ой жүгіртпейді ме?» дегеннен кейін: «Уа, Мұхаммед, ақиқаттарды ескерте бер, себебі сенің міндетің ескерту», - деп бұйырады. Кейбір тәпсір ғалымдары Раббымыздың түйе, аспан, тау, жерді айта келіп Пайғамбарымызға ескерте бер деуі жайдан жай айтылмаған деп бас қатырып былай тұжырым жасауда.

Өмірінде асыл дініме қызмет етем, халыққа уағыз айтып, ақиқатты жеткізем деп мақсат қойған кісіге 4 қасиет керек:

1 - Тау секілді ТҰРАҚТЫ, ТАБАНДЫ БОЛУ;
2 - Жер секілді КІШІПЕЙІЛ БОЛУ, ӨЗІН ТӨМЕН ҰСТАУ;
3 - Аспан секілді РУХЫ БИІК, МҰҢАЙЫП ҚАЛМАУ;
4 - Түйе секілді ШЫДАМДЫ, САБЫРЛЫ БОЛУ;

 

Халық кез келген кісінің сөзіне емес ісіне қарап баға береді. Дін адамы тек уағызымен емес мәдениеттілігі, кішіпейілдігі, сыпайылығы және ұстамдылығымен, ашық-жарқын жылы жүзімен, айтқанын алдымен өзі жасау арқылы елді баурап алуы тиіс. Халықты имандылыққа шақыратын әрбір кісі "молданың айтқанын істе, істегенін істеме" деген сөзді ісімен жоққа шығаруы керек. "Түйені жел шайқаса ешкіні аспаннан ізде" демекші дін адамы өзі шариғатты ұстанбаса, адал болмаса басқаларға не деуге болады?!

 

[1] Құранда түйенің көп айтылуы: арабтар түйені көп қолданған, мінсе көлік, ішсе сусын, жесе тамақ, шыдамдылығы соншалықты шөлде апталап сусыз жүре береді, жаратылысы ерекше жануар...                 

Әділхан ЖақсыбекӘділхан Жақсыбек
4 жыл бұрын 4362
6 пікір
Блог туралы
0
19697 101 190 1147 127