Парасыз өмір сүру – шарасыз өмір сүру емес
Парасыз өмір сүру – шарасыз өмір сүру емес

Әділдік пен ақиқатты арқау еткен Ислам дініміз, адам баласына кесірін тигізетін, қоғамда кикілжің тудыратын, жалпы зиянды нәрсенің барлығына түбегейлі тыйым салған, харам деп бекіткен. Осындай мәселелердің бірі – парақорлық пен жемқорлық. Пара беру – кез-келген бір істің жеңіл жолын табу үшін берілетін дүние немесе ақша. Шариғат бойынша, мал табу, бай болу, ел үшін лауазымды қызметтер атқару дұрыс, шарты – тек адал жолмен ғана болу керек. Ал парақорлық адалдыққа жатпайтын арам іс.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Өз араларыңда мал-мүліктеріңді жалғандықпен жемеңдер! Өздерің күнә екенін біле тұра, адамдардың мүліктерінен жеулерің үшін үкім шығарушыларға (пара) ұсынбаңдар»[1] деген. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пара беруші мен пара алушыға және осы екеуінің арасында жүрушіге де қарғыс айтқан.[2] Бір хадисінде: «Пара беруші де, алушы да тозақы», - деп қатаң ескерткен.[3] Тағы бір хадисте: «Лауазымды тұлғаның алған сыйлықтары – арам жолмен тапқан табысы» делінген.

Сондай-ақ, халықтан жиналып, ел қазынасына құйылатын дүниені немесе қазынадан бөлініп халықтың қажетіне жұмсалатын дүниені орта жолда жымқырғандар, сондағы барлық халықтың ақысын жеген болады. Қияметте, есеп күнінде сол халыққа сауабын береді, сауабы болмаса, соншама халықтың барлығының күнәсін арқалайды. Ал ол күн тозаңдай сауапқа зар болатын күн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ант етемін! Сендердің қайсы бірің, хақсыз бір нәрсе алып қойсаңдар, қиямет күні соны мойындарыңа көтеріп келесіңдер!» деген. Бұл жалғанда бес күндік өмір үшін, оқуға түсерде не емтиханда, жұмысқа тұрарда, басымызға бір іс түскенде, басқа да жағдайларда пара берсек, ал ертең пара рөл ойнамайтын мәңгілік өмірде, қара қылды қақ жарған әділет орнағанда, яғни ақыретте, Ұлы Алланың алдында қалай жауап береміз?!.

Парақорлық, жемқорлық белең алған елде:

● Алланың қарғысы болады;

● Әділетсіздік орнайды;

● Береке кетеді, даму бәсеңдейді;

● Әлеуметтік теңсіздік орнайды;

● Аманатқа қиянат жасалады;

● Нағыз маманның орнын айлакерлер, қулар иемденеді;

● Жалпы қоғам бұзылып, күпірлікке жол ашылады. Сондықтан парақорлық пен жемқорлық харам! Бұлар – маңдайдың соры, күнәнің зоры!

Ауруын жасырған алысқа бармайды деген халқымыз: «Сараң үйге – кісің түспесін, парақор биге – ісің түспесін» деп дөп басып айтқан халықпыз. Параны беру тыйылса алу да тыйылады. Бұл дертпен қоғам болып күресуіміз керек. Парасыз өмір сүру – шарасыз өмір сүру емес! Ағасыз, анасыз өмір сүру емес! Керісінше, Парасыз өмір сүру – пәле-жаласыз өмір сүру, күнәсіз өмір сүру деген сөз! Ал пара беру – өз еркімен тозаққа бара беру деген сөз!


[1] Бақара сүресі 188-аят

[2] Имам Ахмед кітабында Саубан (р.а.) риуаят еткен хадис

[3] Әбу Дәуіт, ақдийя 4

Әділхан ЖақсыбекӘділхан Жақсыбек
3 жыл бұрын 4444
2 пікір
  • Бұл аурудан емделу жолы қиын болып тұр. Адамдар топыраққа ғана тояды. Не дегенмен де осы бір дертті жеткізе жазыпсыз, Әділхан аға! Алла разы болсын!
    3 жыл бұрын
  • Расында бұлар – маңдайдың соры, күнәнің зоры!
    3 жыл бұрын
Блог туралы
0
19697 101 190 1147 127