Сіз Құран оқи аласыз ба?
Сіз Құран оқи аласыз ба?

Сіздердің ең қайырлыларыңыз - Құранды үйреніп әрі басқаларға үйреткендеріңіз (Хадис. Бұхари)

   Рамазан айымен қоштасатын уақыт та жақындап қалды. Осы айда негізгі құлшылықтардың бірі – Құран оқу, шамасы жеткен кісілер үшін хатым ету яғни басынан аяғына дейін оқып шығу болатын. Алла Тағала Рамазан айын “адамзатқа тура жолды көрсететін Құран түскен ай” (Бақара сүресі – 185) - деп сипаттаған. Сондықтан бұл айдың қасиетті болуының бір себебі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (С.А.У.)   Құран Кәрім осы айда уахи етіле бастағандығы үшін деп тұжырымдауға болады. Олай болса Рамазан айы бәрінен бұрын – Құран айы.

   Құран – Исламның рухы. Құрансыз мұсылман жансыз дене секілді. Құран –Исламның кәусар бұлағы.

   Құран  – әлемдерге рақым етіп жіберілген  сүйікті Пайғамбарымыздың  (С.А.У.)  ең үлкен мұғжизасы.

   Құран – әр мұсылман оқуын үйрене алатындай оңай кітап.

   Құран – қанша қайталап оқысаң да жалықтырамайтын керісінше жүректі тазартып, рухыңды жаңартып, бүкіл тұла бойыңды нұрландыратын мұғжиза кітап.

   Құран – қабырғаға іліп қою үшін емес ашып оқу үшін түскен қітап.

   Құран – құрметтеп сөреге қойып қою үшін емес үйреніп, оқып, рухың “тою” үшін келген Алланың сөзі.

   Құран – тек молдаларға оқыту үшін емес әрқайсымыз өзіміз оқу үшін түскен кітап.

   Құран – өлгендерді “жәннаттық” жасау үшін емес тірі кезімізде жәннаттық болуымыз үшін түскен кітап.

   Құран оқу – әлемдердің иесі Раббымызбен тілдесу.

  Жоғарыда айтылғандарды бәріміз де білеміз. “Мөрі бұзылмаған” жаңалық ашқалы отырған жоқпын. Бірақ білгенімізді өмірімізге енгізіп, жасай алдық па? Сөзден іске көштік пе?!

          Құран оқи аласыз ба?

   Рамазан айындағы үлкен сауапты істердің бірі – Құран оқу. Ибн Аббас Жәбірейіл (ғ.с.) Расулаллаһ Мұхаммедке С.А.У келіп бір-біріне Құранды оқып тыңдататындығын айтқан (Бұхари және Муслим).     Пайғамбарымыз (С.А.У.): «Көздің ғибадаттағы өз үлесін беріңіздер!» – деді. Сонда: «Оның ғибадаттағы үлесі не сонда?» – деп сұралды. Сонда Алла елшісі (С.А.У.): «Оның ғибадаттағы үлесі Құран Кәрімге қарап оқу» – деді. Сахабалар да ораза айында көп Құран оқитын.  Құран оқудың қандай үлкен ғибадат екендігі, әрбір әрпіне ең аз он сауап берілетіндігі Хадистерде баяндалған.  Бәрін мұнда жазып сыйдыру мүмкін болмаса керек-ті.

        Хадистердегі сауабы мол Құран оқудан негізгі мақсат - кирилица әріптерімен жазылған сүрелерді жаттап алып оқу емес, Құранды арапшасынан (түпнұсқасынан) оқу. Ал, оны оқып үйрену қиын емес. Ықылас танытқан әрбір мұсылманның Құранды үйренуі де, жаттауы да оңай.

   Құран оқуды үйрену – арап тілін үйрену емес. Кейбір кісілер Құран оқып үйренуді тіл үйрену деп ойлап қиынсынады.  Иә,  шынында жаңа тіл үйрену оңай емес, меңгеру ұзақ уақыт пен ерен еңбекті қажет етеді. Ал, Құран оқуды үйрену оңай, 28 әріпті танып, таңбаларды қосып оқу. Ықылас салсаңыз оп-оңай тіпті бір аптада ежелеп оқып кетуге болатындығын жастар түгілі жасы ілгерілеген кісілер де дәлелдеп жүр. Таңның атысы, күннің батысы мына күйбең тірліктен шаршаған кезде Алланың қасиетті кітабын ашып Раббымызбен "сырласқанға" не жетсін! Ендеше, Құран айы саналатын Рамазан айында әліппені бастап, Құран үйренуге ниет етіңіз. Ал, адамда ниет пен ықылас болса бәрін де жасай алады...

Әділхан ЖақсыбекӘділхан Жақсыбек
4 жыл бұрын 3940
2 пікір
  • "Аллаһ Тағаламен тілдескің келсе - намаз оқы, ал Аллаһ Тағаланы тыңдағың келсе - Құран оқы"
    4 жыл бұрын
  • 70 жасында Куран уйренген апайды билем. Казир ежелеп окиды. Шынында талаптанса болады окуга
    4 жыл бұрын
Блог туралы
0
19697 101 190 1147 127