Тыныштық пен тоқтық - үлкен нығмет...
Тыныштық пен тоқтық - үлкен нығмет...

Алла Тағала сіздерге бейбіт-тыныш (жайбарақат) бір елді мысал берді: әр тараптан мол ризық-несібелері келуші еді. Бірақ олар Алланың нығметтеріне күпірлік етті. Сондықтан Алла оларға қылықтарының кесірінен ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп, (аштық пен соғыстың) дәмін таттырды. (Нахл сүресі)

   Бүгін еліміз үшін ерекше күн болғандықтан тағы да отан, ел, тәулсіздік жайлы бірер сөз жазуды жөн көрдім...

  Алла Тағала бізге кез келген нығметтерге шүкіршілік етуді бұйырады. Сол шүкірлік ететін нығметтердің бастысы ел іргесінің тыныштығы мен тәуелсіз отанымыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында тіліміз бен дінімізді сақтап қалдық. Құрайыш (106/4) пен Нахыл (16/112) сүресінде екі үлкен нығмет: тыныштық пен тоқтық жайында айтылады. Еліміздің тыныш, халқымыздың тоқ болуы Алланың ең үлкен сыйы деп түсінген дұрыс. Негізінде ар-намыс, отан, тәуелсіздік, иман, дін дегеніміз біртұтас ұғым. Ислам бес нәрсені қорғауды бұйырады: Отаныңды, дініңді, ұрпағыңды, жаныңды, мал-мүлкіңді.  Осыларды қорғау әр мұсылманның  міндеті болып саналады.

  Егемен ел болмай емін-еркін ғибадат жасау, қысылмай-қымсынбай мешітте, ауызашарда жиналып сұхбаттасу жалпы асыл дініміздің өркендеп гүлденуі мүмкін емес. Ислам Отанды сүюге, оны қорғауға, берілген үлкен нығмет ретінде шүкіршілік етуге шақырады. Бір жолы Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ұхуд тауына қарап: «Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді», – деген еді. Бұл Пайғамбарымыз (с.ғ.у.)-ның туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен-көл, тау-тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз», – делінген.

Отан мен тәуелсіздік туралы айтылған қанатты сөздер:

•Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.

(Нұрсұлтан Назарбаев)

•Адамға талай жерді көрген артық,

Танысып әркімдерді білген артық.

Мысырға патша болып тұрсаңдағы,

Болмайды туып-өскен жерден артық.

(Шал Құлекеұлы)

•Түбі озамыз, Құдай бізді қолдаса!

Тау да аласа, оған бақыт қонбаса!

Кең даладан, бос даладан не пайда,

Бос далада Бостандығың болмаса!

(Қадыр Мырза әлі)

Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген,

Не тындырдың «басымды иемменен»?

Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой

Отан үшін күйемін, өлем деген.

Өлім деген ерліктің қорегі ме?

Өлмей-ақ қой, өлімнің керегі не?

... Егер Отан сыңсыған орман болса,

Жапырақ боп жармасқын терегіне.

Самалы бол Отанның салқындаған,

Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.

Семсері бол, Отанның қынабында

Сертке ұстаса селт етпей жалтылдаған.

Шетсіз, шексіз, қиырсыз, ұлы дала,

Шуақ болып шашылмай жылына ма?

Сүй Отанды! Шыныңмен сүйіп өт те,

Гүл боп қадал ойына, қырына да...

(Мұқағали Мақатаев)

 

Әділхан ЖақсыбекӘділхан Жақсыбек
4 жыл бұрын 2947
3 пікір
  • Елбасы айтты ғой: Елдің тыныштығы сәт сайын жұтып жүрген ауамыз секілді. Қадірін біле бермейміз. Бейбіт өмірдің қадірін соғыс болып жатқан елдерден сұра, олар жақсы біледі
    4 жыл бұрын
  • Аллаһ Тағала тәуелсіздігімізді, елдігімізді мәңгі етсін!!!
    4 жыл бұрын
  • Машалла! Тəуелсіздік тәтті ұғым. Тəттісін қалағанша тата бер, Алаш!
    4 жыл бұрын
Блог туралы
0
19697 101 190 1147 127